Description
Бүгін тұрақты спикеріміз Елдос Ахметовпен бірге ҚПЛ #6 турын талқыладық. "Жетісу" өз алаңында азулы "Ақтөбе" командасын жеңіп, турнир кестесінде 3-орынға көтерілді. Қайрат Нұрдәулетов расымен де мықты бапкер ме, әлде талдықорғандықтардың жолы болып кетті ме? Биыл ҚПЛ басты фавориті саналып отырған "Тобыл" неге өз алаңында "Жеңіс" командасын тықсыра алмады? Елдос Ахметов "Жеңіс" командасының Қостанайдан 1 ұпай алып қайтқанын сенсация деп есептемейді. Экс-футболшы "Тобыл" командасы қарсыласын дұрыс бағаламағанын, сол үшін "сазайын" тартқанын айтты. Ермұхамед Мәулен былтыр ғана ел чемпионы атанған "Ордабасы" командасында биыл жүйелі ойын жоғын, Мамаду Мбоджи кеткелі қорғаныс әлсірегенін айтты. Алда Еурокубок ойындарына іріктеу кезеңі келе жатыр, "Ордабасы" командасы соған дейін есін жимаса, көп қиындыққа тап болуы мүмкін. Олжас Байбосын қайыршының күйін кешіп жүрген Түркістан облысындағы командалардың қазіргі жағдайын мәселе етіп көтерді. "Жетісай" ойыншыларының жол шығынын жергілікті жомарт жандар көтеріп, кілем сататын кәсіпкер 1 млн теңге аударған. Подкаста біраз инсайд ақпарат та айтылды. Шетелдік компаниялардың бірі "Ақтөбе" клубына 30 млрд теңге инвестиция салғалы жатыр екен. Қалған қызықты естігіңіз келсе, подкастың әр минутын жібермей көріп шығыңыз.